Депутаттар ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа Қазақстанның батыс өңіріндегі ауыз су сапасына қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Депутаттық сауалдың туындауына еліміздің батыс өңіріндегі халықты сапалы ауыз сумен қамтудағы өзекті мәселе түрткі болды.
"Өздеріңізге мәлім қазан айының соңында Волгоградта орын алған ірі коммуналдық апат салдарынан кәріздік ағын су Еділ өзеніне жіберілген. Ресей аумағындағы Еділ өзенінің бір тармағы саналатын Қиғаш су айдыны арқылы лас су Атырау және Маңғыстау облыстарындағы, соның ішінде өзен бойлай қонған елді мекендер мен Қиғаш-Маңғыстау құбыр суын тұтынатын 800 мыңнан астам тұрғынының денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Бұл ретте, біздің уәкілетті органдардың іс жүзінде стратегиялық маңызы бар ақпаратқа қандай жолмен қол жеткізгендігі біршама алаңдаушылық тудырады. Отандық БАҚ-та жарияланған материалдарға сәйкес, Маңғыстау облыстық экология департаменті бұл жағдайдан әлеуметтік желілердің мониторингі барысында хабардар болған, онда апат жайлы және ластану қаупі туралы ақпаратты жергілікті экобелсенді Хайруллин жария еткен.
Неліктен біздің экологиялық қызметтер ластану туралы тек әлеуметтік желілер арқылы біледі? Шекаралас көршілерімізбен трансшекаралық өзендердегі апаттар немесе орын алуы мүмкін форс-мажорлық жағдайлар туралы ақпарат алмасу жүйесі неліктен нақты жолға қойылмаған? Алайда, біздің сұрақтарымыз мұнымен бітпейді. Дереу шешімді қажет ететін тағы бір мәселе - жер үсті суларының, соның ішінде трансшекаралық өзендердің сапасын бақылау жиілігі
Экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес мұны "Қазгидромет" жасауы тиіс. Бірақ айына бір мәрте жүргізілетін тексеріс қауіпсіздікке кепілдік бермейді. Егер мәселе қаржыландырудың жеткіліксіздігімен байланысиы болса, онда бұл мәселені шұғыл түрде шешу қажет. Сондай-ақ болашақта мұндай жағдайдың алдын алуға ықпал ететін шаралар кешенін қабылдау қажет деп санаймыз.
Біздің ойымызша, біріншіден, көршілес елдердің уәкілетті органдарымен өзара іс-қимылдарды үйлестіру және уақытылы хабардар ету үшін байланысты арттыру қажет.
Екіншіден, экологиялық оқиғаларға жедел ден қою, апаттың алдын алуды бақылауда ұстау, зардаптарды жою, сонымен қатар тәуелсіз сумен қамтамасыз етуге әрқашан дайын болу үшін экологиялық, санитарлық қызметтердің, жергілікті органдардың жұмысын күшейту керек.
Үшіншіден, су сапасын бақылау үшін зерттеу жиілігін арттыру.
Төртіншіден, мүмкіндігінше қысқа мерзім ішінле климаты құрғақ батыс өңірлерде, соның ішінде Көкжиде жер асты суларының кен орындарында сумен жабдықтаудың баламалы көздерін пайдалануға беру қажет.
Сонымен қатар, келесі сауалдарға жауап беру сұралады: Ресей аумағында болған апатқа байланысты тұрғындарымызды қорғау үшін қандай шаралар қабылдануда? Мұндай жағдайлар туындаған жағдайда іргелес мемлекеттердің іс-әрекеттерін үйлестіру қалай жүзеге асырылады? Неліктен қазақстандық тарап орын алған апат туралы хабардар етілмеді? Жауаптарды заңда белгіленген мерзімде жазбаша нысанда беруіңізді сұраймыз", - делінген депутаттық сауалда.